2025 жылғы 1 мамыр күні, Қазақстан халқы бірлігі күніне орай, Шонжы ауылында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен ұйғыр халқының талантты ақыны Илья Бахтияға арналған «Өлең мен достық – ескерткішке айналған рух» атты композициялық ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға арнайы қонақтар ретінде: Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы Алиев, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, Илья Молутов (Бахтияның) туған бауыры Сунят Ибрагимович Палтушаев, Алматы облысы және Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Ызғарбек Бектұрсынов, Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын-драматург Бақыт Беделхан қатысты. Аудан әкімі Б. Елеусізова өз сөздерінде Мұқағали мен Ильяның достығын, қос ақынның поэзия мен руханият жолындағы ұлы миссиясын ерекше атап өтті. Салтанатты лента қию рәсімі мен гүл шоқтарын қою рәсімі де шарада ерекше орын алды.
Бұл ескерткіш – поэзияға, адал достық пен бауырластыққа қойылған тағзым, болашақ ұрпақ үшін рухани мұра.
Шара аясында Қарадала халық театрының қатысуымен «Досым, саған айтамын...» атты шағын пролог қойылып, Мұқағали мен Илья бейнелері көрерменнің жүрегін тебірентті. Фонда шырқалған Мұқағали өлеңіне жазылған ән көркем әсер қалдырды.