Алматы облысында өңір экономикасына 26 млрд. теңге шамасында инвестиция тарта отырып, жылына 45 мың тонналық дайын өнім шығаруға қауқарлы модификацияланған картоп крахмалын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың «Катада TRANS GROUP» ЖШС компаниясы өкілдерімен кездесуі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік кореялық заманауи құралдарды пайдаланатын жаңа өнеркәсіп орны Ұйғыр ауданы аумағында орналасады. Бұл жобаны отандық «Катада TRANS GROUP» ЖШС компаниясы Оңтүстік Корея инвесторы – «ISA. Co. LTD» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Зауытты шикізатпен толық қамту үшін жыл сайын 120 га жерге картоп егу керек. Жылына шамамен 200 мың тонна картоп өңдеу жоспарланған. Картоп крахмалынан бөлек зауытта жылына 5700 тонна көлемде картоп шырыны, 2100 тонна картоп протеині, 5 мың тонна мал азығы шығарылады. Кәсіпорын іске қосылғанда 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар инвесторлар жыл сайын 10 жыл бойы жергілікті халықтың арасынан 7 маманды тұрақты түрде оқытып отырады.
«Катада TRANS GROUP» ЖШС директорының орынбасары Серғазы Шалқарбековтің айтуынша, зауытты 18 ай ішінде салып, іске қосу жоспарланған, яғни келесі жылдың күзінде өндірістік желі пайдалануға беріледі. Жалпы картоп крахмалы азық-түлік, медикаменттер, косметикалық құралдар, қағаз, құрылыс материалдарын өндіруге кеңінен қолданылады. Бұл - өте пайдалы әрі нарықта сұрасынысқа ие шикізат.